14 Қаз 2020
ҚМА/ҰБТ

Әдістемелік ұсынымдама

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы

МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРДІҢ ҚОРЫТЫНДЫ АТТЕСТАТТАУЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ДАЙЫНДАУ БОЙЫНША

ӘДІСТЕМЕЛІК ҰСЫНЫМДАМА

 Әдістемелік ұсынымдам

Астана

2016


Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ғылыми кеңесімен баспаға ұсынылды (2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 11 хаттамасы)

Мектеп бітірушілердің қорытынды аттестаттауын ұйымдастыру және дайындау бойынша әдістемелік ұсынымдама.– Астана: Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, 2016. – 46 б.

Бұл құралда орта білім беру ұйымдарындағы қорытынды аттестаттау мен жоғары оқу орындарына түсуді бөлу жағдайындағы жалпы білім беретін мектептердің бітірушілерін қорытынды аттестаттау бойынша әдістемелік ұсынымдамалар берілген.

Әдістемелік ұсынымдама облыстық (аудандық) әдістемелік кабинеттердің басшылары мен әдіскерлеріне, білім беру жүйесі ұйымдарының басшыларына, мұғалімдерге, білім алушылар мен ата-аналарға арналған.

 

 

© Ы. Алтынсарин атындағы

Ұлттық білім академиясы, 2016.

 


Кіріспе

 

Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне кіріктіру шеңберінде отандық білімнің бәсекеге қабілеттігін дамытуда «өмір бойы білім алу» тұжырымдамасынан «өмір бойына оқу» қажеттілігін түсінуге көшуге бағдарланған мектептік білім беруді түбегейлі жаңартуды қажет етеді.

Білім мазмұнын жаңарту – бұл оқыту әдістерін, бағдарламаның мазмұны мен құрылымын қайта қарау. Енгізудің нәтижесі тұлғаның дамуы үшін қолайлы білім беру ортасын құру болып табылады.  

Білім мазмұнын жаңарту еліміздегі білім сапасын арттыруға ғана мүмкіндік бермейді, сонымен қатар Қазақстанның  неғұрлым бәсекеге қабілетті әлемдегі 30 елдің қатарына қосылуын қамтамасыз етеді, білім мазмұнын жаңарту процесінің ұлттық аспектісін осыдан көруге болады.  

Жаңа стандарт құзыреттілік тәсілге негізделген: дәстүрлі мектепте болған міндетті меңгеруді талап ететін материалдың  белгілі мөлшеріне емес, күтілетін нәтижеге құрылған.

Ең бастысы, бұл білім алушының қабылдауын өзгертеді, қазіргі заманауи мектептерде, өкінішке орай, басым болып тұрған авторитарлық оқытудан ынтымақтастыққа көшуді талап етеді. Оқыту мақсаты білім алушыға да, мұғалімге де ортақ болуы тиіс.

Білім мазмұнын жаңарту аясында қорытынды аттестаттау форматы да өзгереді.  Мемлекеттік бітіру емтиханы – орта білім курсын бітіргені туралы куәландыратын мемлекеттік үлгідегі құжатты алу шарты болып табылатын орта білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қорытынды аттестаттаудың бір түрі. Емтихан мектептерде өткізіледі.

Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орындарына оқуға түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір түрі. Тестілеу жоғары оқу орындарының базасында өткізіледі.

Емтихан материалдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 18 мамырдағы №393 бұйрығымен бекітілген қоғамдық- гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-11 сыныптардың қолданыстағы оқу бағдарламаларына негізделеді. Бітіру емтиханы мен ҰБТ тест тапсырмаларының базасын қалыптастыру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016  жылғы бұйрықтарымен (2016 жылғы 8 қаңтардағы № 13 бұйрығы, 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 251 бұйрығыбекітілген оқулықтары материалдары бойынша іске асырылатын болады.

 


1. Мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру

Қазақстан Республикасында білім беру және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анықталғандай, қолданыстағы ҰБТ форматын жетілдіру мақсатында ҰБТ рәсімін мектептегі қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орындарына түсу емтиханына бөлу, сонымен қатар, әрі қарай оқу қабілетін, логикалық ойлау деңгейін, ағылшын тілін меңгеруін, базалық біліктілігін  (функционалдық сауаттылық) анықтауға бағытталған тестілеудің қолдану шеңберін кеңейту қарастырылады.  

Сол себепті, 2016-2017 оқу жылынан мектепті бітірушілер үшін жоғары оқу орындарына түсу емтиханы болып табылатын Ұлттық бірыңғай тестілеудің (бұдан әрі – ҰБТ) жаңа форматы енгізілді.

Қорытынды аттестаттау – жалпы орта білім беру ұйымдарында өткізілетін 11 (12) - сынып білім алушыларына арналған мемлекеттік бітіру емтиханы.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңы бойынша білім алушыларды қорытынды аттестаттау - білім алушылардың тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында қарастырылған оқу пәндерінің көлемін меңгеру дәрежесін анықтау мақсатында жүргізілетін рәсім деп көрсетілген.   

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды  жүргізудің Типтік ережесіне сәйкес (16.11.2016 ж.) (бұдан әрі  - Типтік ереже) жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 11(12) - сыныптың білім алушылары қорытынды аттестаттау барысында бес емтихан, оның ішінде біреуін таңдау бойынша тапсырады.

11 (12) сынып білім алушыларын қорытынды аттестаттау мынадай нысандарда өткізіледі: 

1) ана тілі және әдебиетінен (оқыту тілі) эссе нысанында жазбаша емтихан: 

2) алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан;

3) Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан;

4) орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу; 

5) таңдау бойынша пәннен (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика) тестілеу.

Музыкалық және көркем мектептер, сонымен қатар өнер мектептерінде шығармашылық сипаттағы қосымша емтихан өткізілуі мүмкін.

Емтихандарды өткізу формалары:

Ана тілі мен әдебиеті (оқыту тілі) бойынша жазбаша емтихан эссе түрінде өткізіледі, оған  3 астрономиялық сағат бөлінеді.

 

Мектеп бітірушілерге таңдау үшін 10 тақырып беріледі; эссе тақырыптары берілген конверттер емтихан басталғанға дейін 15 минут бұрын ашылады;  эссе көлемі – 250-300 сөз. Эссе тақырыптарын ҚР Білім және ғылым министрлігі анықтайды. Эссе тақырыптары 10 наурызға дейінгі мерзімде ашық баспасөзде жарияланады.

 

Аты Жүктеу
1 Әдістемелік ұсынымдама  .docx