14 Қаз 2020
ҚМА/ҰБТ

Эссе нұсқаулық

Алғы сөз

    Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылдың 16 қарашасында шыққан №660 бұйрығына сәйкес 2016-2017 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептердің 11-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттауға  өзгерістер енгізілді. 11-сынып  оқушылары  үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен эссе жазу міндеттелді. Эссе жазу мұғалімдер мен оқушылар үшін жаңа формат болғандықтан, Ұлттық тестілеу орталығы тарапынанкөмекші құрал ретінде әдістемелік нұсқаулық әзірленді.  Әдістемелік нұсқаулықта  эссе термині, түрлері, құрылымы, ерекшелігі, талаптары және оның шығармадан айырмашылығы жөнінде түсінік беріледі.  Сонымен қатар, эссе тақырыптары, оны бағалау критерийлері және эссе жазу үлгісі ұсынылып, талданды.

Эссе талаптары және бағалау критерийлері халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, бірнеше дереккөздердегі мәліметтерді қарастырып, сараптап, талдап ұйғарылған қорытынды шешім бойынша құрастырылды.

Әдістемелік нұсқаулық жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне, оқушыларға арналады.

Эссе мен шығарманың айырмашылығы

  Эссе Шығарма
Анықтамасы Эссе дегеніміз (фр. тіл. essai -тәжірбие, лат.т. exagium – құрау ) – философиялық, әдеби, тарихи, публицистикалық, әлеуметтану, саяси және тағы басқа саладағы ғылыми емес, автордың жеке көзқарасын білдіретін прозалық мәтін.  Шығарма – оқушының туған халқының әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымдық көзқарасымен еркін ұштастыра отырып баяндайтын шығармашылық төл еңбегі. Оқушыдан көркем шығарманы өзіндік ой-пікірі, көзқарасы тұрғысында терең талдап пайымдауы, әсерлі, көркем тілмен жүйелі баяндауы талап етіледі.
Эссе – еркін композициялық құрылымға негізделген немесе көркем-публицистикалық жанрдың бір түрі Шығарма – белгілі бір берілген тақырыпқа арналған, міндетті құрылымнан тұратын, тек пәндік білімге бағытталған шығармашылық жұмыс.
Эссе қатаң түрде жоспарға негізделуі міндетті емес. Шығармада жоспарды жазу міндетті.
Эссежеке көзқарас, сараптамадәлелдемелергенегізделеді. Шығарма  формасы оның түріне байланысты, көбінесе көркем мәтінді талдауға негізделеді.
Эссенің мақсаты – эссе жазушының өзіндік көзқарасын, сыни ойын жетілдіру, ұстанымын дәлелді бекіту үшін жан-жақты білім алып, ақпараттық қарулану, тақырыпты ашуда метатанымдық білігін тиімді қолдану,  шығармашылық қабілетін шыңдау, ой жүйелілігін реттеу, жазу түрлеріне қарай жазу тәсілдерін таңдай біліп, эссе түріне қарай жазу стилін сақтау, ой жүйесінің бірізділігін сақтауда сөз оралымдарын тиімді қолдану, шығармашыл жазбаларда сөздік қорының байлығын дамыту, талдау жұмыстарында қажетті термин сөздерді тиімді қолдану. Шығарманың мақсаты – жазылым тілін дамыту, логикалық ойлауды дамыту, шығармашылык, қиялды, нақты нәрсені еркін, қызықты түрде беруге ұластыру, әдебиетті іштей түсіне отырып, оның мәні мен құдіретті орнын өз дүниесінде көркемдеп бере алу. 

 

Емтихан жұмысының сипаттамасы

Жазбаша емтихан жұмысы – эссе.

Уақыты: 180 минут.

Оқушылар берілген тақырыптардың ішінен 1-еуін  таңдайды. Жазылғанэссе жұмысыжалпы 20 балмен бағаланады.  Оқушылар  өздері таңдаған тақырып бойынша эссе көлемі 200 – 250сөз болса, қазақ әдебиетінен тереңдетілген сыныптарда 250 – 300 сөзден тұратын эссе жазады.  Оқушылар шимай парақты қолдана алады. Шимай парақты оқушы жұмыспен бірге тапсырады, бірақ тексерілмейді. Емтихан уақытында әдебиет хрестоматиясы, тақырыпқа қатысты көркем әдебиеттер, мақал-мәтел, қанатты сөздер кітаптары аудиторияға қойылады.

Емтиханда жазылатын эссе түрі: академиялық

Қорытынды аттестаттау емтихан болғандықтан, жазба жұмысы академиялық эссе түрі бойынша жазылады. Академиялық эссе ұзақ және қысқа мерзімді қамтиды.

Зерттеу жұмыстарына ұзақ мерзімді академиялық эссе тән. Ұзақ мерзімді академиялық эссеге кеңейтілген эссе түрі жатады. Оқушы қызығушылығымен таңдап алған тақырыбына зерттеу жүргізеді. Зерттеу 1- 1,5 жыл мөлшерін қамтуы мүмкін.

Қысқа мерзімді академиялық эссе білім алушының оқыған, талдаған, сараптаған білімін бағалау үшін беріледі. Қысқа мерзімді академиялық эссе емтиханға бөлінген уақытта орындалады. Академиялық эссе кез келген пәндер: жаратылыс, гуманитарлық, тіл, әдебиет бойынша жазылады. Әр пән функционалдық міндетіне сәйкес білім алушының білім нәтижесін бағалауға бағыттайды. Ана тілі мен әдебиеті пәндерінің қорытынды аттестаттау емтиханында әдеби эссе жазады.

Әдеби эссе – эссе түрлерінің ішіндегі ең күрделісі. Ол жазылу мақсатына қарай әдеби-талдау эссе, әдеби-сыни эссе, әдеби-синтез эссе, әдеби-дәлелдеме эссе, әдеби-салыстырмалы эссе, әдеби-шығармашыл эссе болып бөлінеді. Әдеби эссенің әрбір түрінің жазу әдістері бар. Әдеби-талдау эссені туындыға талдау жасай отырып жазады. Әдеби-сыни эсседе автор көзқарасына, автор бейнесіне, автор үлесіне сыни көзқарасын, пікірін білдіріп жазады. Әдеби-синтез эсседе бір тақырыптың бірнеше туындыдағы көрінісін талдай келе, шешім шығарады. Шешіміне талдау жүргізе отырып, қорытындыға келеді. Әдеби-дәлелдеме эсседе ұстанымын көрсете отырып, аргументтер арқылы дәлелдеп жазады. Әдеби-салыстырмалы эсседетуындыны басқа туындымен және сол туындыдағы кейіпкерлерді, оқиға жайларын салыстыра отырып, талдап жазады.Әдеби-шығармашыл эсседе әдеби туындыдағы оқиғаны өз шығармашылығымен оқиға тудырып және кейіпкер рөліне еніп немесе оқиға уақытына, мекеніне түсіп, сезімін, ойын, жай-күйін баяндап, сипаттап, суреттеп жазады.

 Әдеби эссенің әр түрінің мақсаты, жазылу ерекшеліктері бар. Мақсат, жазылу ерекшеліктері эссе тақырыптары арқылы айқындалады. Мысалы,

·                «М.Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоцияларды автордың оқырманына жеткізу тәсілдерін талдап жаз». Әдеби-талдау эссе автордың тосын жәнеқатыгез эмоцияларды жеткізу үшін қолданған тәсілдерін тауып, талдап жазылады.

 

·                    «М.Әуезов «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоцияларды оқырманына қаншалықты әсерлі жеткізе алды?» Әдеби-сыни эссе автордың тіл шеберлігіне сыни бағасын бере отырып жазылады.

 

·                    «Тосын және қатыгез эмоциялар: М.Әуезовтің «Көксерек» повесі және әлемдік әдебиетте».Әдеби-синтез эсседе бірнеше туындылардағы тосын және қатігез эмоциялардың берілуін талдай келе, өзіндік бағасын шығарады. Өзіндік көзқарасы тұрғысынан шығарылған бағасына талдау жүргізеді.

 

·                    М.Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоциялар оқырман психологиясына кері әсер ете ме? Әдеби-дәлелдеме эсседе білім алушы өз позициясын/ұстанымын/ танытады. Позициясын аргументтер арқылы дәлелдеп жазады. Аргумент келтіруде М.Әуезовтің «Көксерек» повесімен ғана шектелмей, неғұрлым өзге дереккөздерден аргументтер келтірген сайын, соғұрлым эссе бағасы жоғарылайды.

 

·   «М.Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі Құрмашсың. Жоғалып кеткен Көксеректі күтпеген сәтте кездестірдің. Көксерек саған қарсы шауып, жараландың. Осы сәттегі сезіміңді сипаттап жаз. Әдеби-шығармашыл эссе жазуда Құрмаш рөліне енеді, сезімін, жай-күйін сипаттап жазады.